Түркістанда Нұртас Оңдасынов туралы фильмнің тұсауы кесілді

Dalanews 16 қар. 2018 09:19 1480

Алаштың тұтастығы мен бірлігін сақтап қалуда аянбай тер төккен Нұртас Оңдасынов туралы «Биліктен биік тұлға » деректі фильмінің тұсауы туған жері Түркістанда кесілді.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың тың  идеясын ҚР Президентінің телерадио кешені жүзеге асырған. Соңғы үш жылда құнды деректермен толықтырылған деректі фильмнің алғашқы көрермендері Қ. А. Ясауи атындағы қазақ-түрік универститетінің студенттері болды.

Нұртас Оңдасынов заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болды. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алады. Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында Мұғалімдер институтын ашты.

Халқымыздың перзенттері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың әдебиет саласының  шыңына жетуіне  Нұртас ағамыз ықпал жасады.


 Алматыдағы Абай ескерткішінің авторы Хакімжан Наурызбаевты да Қостанайға барған іссапарында байқап, Алматыға алып келіп, оқытып, ат бағушыдан қазақтың тұңғыш мүсіншісін тәрбиелеген, ғалым Қаныш Сатбаевтың жұлдызын жарқыратқан Нұртас Оңдасынов  еді. 

Ал фильмнің авторы Назгүл  Әбутұрапова: «Қазақ даласы ұлы тұлғалардан, ұлы  даналардан кенде емес. Қашанда кенде болмаған. Тек оны ғасырлар өткен сайын шаң басып, архивте қалады. Тарихта қалған керемет ғажайыптар, тұлғалар, деректер бар. Солардың тек жоқтаушылары жоқ. Іздеушісі жоқ жерде алтын да жарқырамайды. Соларды іздеп табуымыз керек деп ойлаймын. Нұртас Оңдасынов жайлы фильмнің тақырыбын «Биліктен биік тұлға» деп қойған себебіміз, ол  кісі ұлтының мүддесі үшін қызмет еткен. Ұлтының болашағы үшін өзінің беделін, жинаған бүкіл, мансабын дейміз бе, жетістігін дейміз бе — барлығын тәрк еткен. Қазір «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз.  Неге рухымызды, өзімізді жаңғыртуға, тарихымызды толықтыруға әрекет жасамаймыз?Неге тойханалар салып, оңай табысқа кенелеміз? Той қазақ үшін індет. Одан арылуымыз керек. Ойланатын, жан- жағымызға көз салатын уақыт келді.  Айналамызда төніп тұрған қауіп-қатерден сақтануымыз керек. Ол үшін Елбасының Рухани жаңғыру бастамасын әрбіріміз  қолдап, міндетімізді, жұмысымызды тиянақты адал атқаруымыз керек», – деген пікір білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар