Түркістанда миграциялық орталық ашылды

Dalanews 14 мам. 2019 10:50 845

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР ІІМ-мен бірлесіп, Түркістан қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын (МХҚО) салтанатты түрде ашты. Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады. Бұл еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін он бесінші орталық.

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Ержан Жеңісбеков, Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков қатысты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов орталықтың ашылуымен құттықтап, орталықтың мақсатын  кең көлемді түсіндіріп өтті.

– Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін, бірнеше күн түрлі мекемені аралауға мәжбүр еді. Енді олар ЖСН алу, салық төлеу, медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өту, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу секілді құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды. Мемлекеттік қызметтер белгіленген уақыт регламентіне сай электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында жүзеге асырылады. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Жаңа МХҚО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады, – деді Біржан Жүнісов.

Сонымен қатар, биылғы жылдың ақпан айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының миграциялық ХҚО-сы арқылы көрсетілетін қызметтер саны толықты. Енді Қазақстан Республикасына уақытша келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көші-қон қызметтері орталығының қызметіне жүгінетін болады. Осыған дейін бұл қызмет тек ҚР ІІМ көші-қон комитеті тарапынан көрсетілген болатын. Енді жаңа қызмет түрін пайдалану үшін шетелдік азаматтың өзімен бірге келесі құжаттары болуы тиіс. Атап айтсақ,  ҚР аймағына кіруге визасы бар шетелдіктің не азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын жарамды құжаты, шекараны кесіп өткені туралы белгісі бар көші-қон карточкасы, еркін түрде жазылған қолдаухат.

Бұдан басқа, қызмет алушылар ҚР аймағына 6 айдан артық мерзімге келетін болса, қосымша толтырылған 2 мекенжайға келу парағын, келу парағына толтырылған статистикалық есепке алу талоны мен 3,5*4,5 көлеміндегі бір фотосурет тапсыруы керек. Сондай-ақ, жаңадан қосылған қызметтен бөлек, мұнда шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатты алып, ҚР аумағына уақытша келетіндер жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады.

Айта кетейік, Түркістан облысында биылғы жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша 36 728 қызмет көрсетілген. Жаңа фронт-офис Түркістан қаласы 160 квартал 209-шы ғимаратта орналасқан. Ғимарат қызмет алушыларға дүйсенбіден сенбі күндері аралығында таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қызмет көрсетеді.



Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар