Акцияны ұйымдастыру барысында жауапты мекемелермен бірге жәрдемге аса мұқтаж 1300-дей азаматтың тізімін жасақтадық. Бұл тұрғындарға антисептикалық құралдар, медициналық маскалар және бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түлік тапсырылып жатыр.
Партияның «Бақытты отбасы» жобасы бойынша 889 адам, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы арқылы 206 адам ал, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы бойынша 161 адамға көмек көрсетіледі.
Аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік пен гигиеналық заттарды таратуға еріктілер, «Jas Otan» жастар қанатының жастары белсенді түрде кірісті.
Елбасы Үндеуінде қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын қор құруды ұсынған болатын. Осы орайда өңірімізде нәтижелі жұмыс атқарған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры таңдалып алынды. Аталған қорға облыс әкімдігі, басқармалар мен оған қарасты мекемелер бүгін бір күндік жалақыларын аударады.
Ендігі үміт елжанды кәсіпкерлерде. Халыққа қайырымы мол қалталы азаматтар, депутаттар, кәсіпкерлер бастамалармен шығуда. Әркім елге түскен ауыртпалықты шама-шарқынша көтеруге әзір.
Бүгін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жанынан қамқоршылық кеңесі құрылды. Оның құрамына «Nur Otan» партиясының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және Ардагерлер кеңесінің өкілдері енгізілген. «Біз біргеміз!» акциясы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей бақылауымен жүргізілуде.
Партия қызметкерлері де қауіпті індетке қарсы күрес үшін бір күндік жалақыларын аударып, барынша тиімді жұмыстарға жұмылуда.