Елімізде алғаш рет Түркістан облыстық балалар ауруханасының базасында супервизия үйлестіру орталығы ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Мұнда балалар дәрігерлері мен медбикелер тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін арттыра алады. Жаңа орталықтың ашылуына Қазақстанның 20 өңірінен келген 70-тен астам медицина маманы, сонымен қатар 6 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.
Супервизия үйлестіру орталығында тек Түркістан облысы емес, еліміздің әр түкпірінен келген медицина мамандары да тәжірибе жинақтай алады. Бұл үшін орталық заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен, муляждармен, интеграциялық тақтамен және жоғары технологиялық аппараттармен қамтылған.
Орталық дамудың кешігуі, есту қабілетінің бұзылуы, эмоционалдық және интеллектуалдық бұзылулар, сөйлеу немесе тілдік бұзылулар сияқты ерте араласуды қажет ететін проблемаларды ескере отырып, әрбір баланың салауатты даму әлеуетін барынша арттыруға бағытталған. Сондықтан орталықтың даму стратегиясында Қазақстан Республикасындағы ерте араласудағы негізгі инновацияларға баса назар аударылған.
Орталық халықаралық ұйымдармен әріптестікті одан әрі дамытуды көздейді.