Түркістанда ауылдарды дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Ақтоты Жапатова 26 ақп. 2025 14:00 325

Елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты кешенді шара қабылдау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын біріктіруді ұсынды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар сараланып, ұсыныстар енгізілді,- деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Түркістан облысы аумағында жалпы 800 ауылдық елді мекен орналасқан. Онда 1,6 млн. адам немесе халықтың 75 %-ы тұрады.
 
Өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Жоба аясында бес жылда 113,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысандар салынып, 1 571 ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 328 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жаңа 52 ауылды жаңғырту жоспарланып отыр.
 
Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсарту, кәсіп бастауға қолдау көрсету көзделген. Екі жылда Түркістан облысында жобаны жүзеге асыруға 22,8 млрд.теңге бөлінді. Нәтижесінде, 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны құылды. Биыл 7,4 млрд.теңгеге 1 097 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 1 192 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
 
Жоба шеңберінде даму әлеуеті бар елді мекендердің тізбесін айқындау өлшемшарты қайта қаралып, өңірдегі даму әлеуеті жоғары елді мекендер қосымша қамтылмақ. Жалпы, бұл бағдарламада ауылдарды дамытуға қатысты бағдарламалар мен жобалар біріктіріліп, жан-жақты қолдау күшейтіледі.
 
Айта кетейік, Түркістан облысында аталған жобаларды іске асыру тәжірибесі екі жобаны біріктіру барысында қолданылмақ.
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар