ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТА МЕРЕКЕДЕ ҚАРИЯЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Dalanews 01 қаз. 2024 10:48 834

1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында қазыналы қарияларымызға, ақылгөй ақсақалдарымызға, ақ жаулықты аналарымызға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ашылу салтанаты және мерекелік іс-шарасы өтті,  деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Атаулы іс-шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы және мүшелері, аудандық «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының мүшелері, ауданның көптеген зейнеткерлері мен аудан активі арнайы қатысты.

Мерекелік шара барысында аудан басшысы Азизхан Азимханұлы құттықтау сөз сөйледі.

- Ардақты ағалар мен ақ жаулықты аналар! Текті жұртымыз ежелден-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді қанына сіңген әдет-ғұрып ретінде қалыптастырған. Осы орайда, мереке қарсаңында ашылып, пайдалануға беріліп отырған бұл орталықты, сіздерге деген үлкен құрметіміз бен сыйымыз деп біліңіздер. Бабалар жолын жалғап, қазіргі қоғамның қисығын түзеп, бұзығын жөнге салып, ақыл-кеңесімен баршаға жол көрсетіп отыратын өздеріңіз. Баршаңызды мерейлі мерекемен тағы да құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық, берекелі ұзақ ғұмыр тілеймін, – деген аудан әкімі ыстық ықыласын білдірді.

Сондай-ақ бірнеше қария қоғам дамуына қосып жүрген үлестері үшін арнайы аудан әкімінің және аудандық Ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік шараға келген аға буын өкілдері ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетейік, «Белсенді ұзақ өмір» орталығы зейнет жасынан асқан қарияларға, ардагерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде бос уақытты жүйелі өткізуді ұйымдастыру және сол арқылы оларды қоғамның белсенді өміріне тарту бағытында жұмыс істейді. Ол үшін орталықта спортпен айналысатын зал, массаж бөлмесі, медициналық, психологиялық, құқықтық көмек бөлмелері, сенсорлық бөлме, тұзды шахта, ақ жаулықты аналарға арналған еңбек терапиясы, яғни, тігін тігу кабинеті, теннис, бильярд үстелдері, дойбы және емдік шәйларға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Бұл орталықта 17 адам тұрақты жұмыс істеп, айына 170, жылына 2 мың адамға дейін қызмет көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар