Түркістан: Ордабасыда үш ауылға табиғи газ берілді

Ақтоты Жапатова 30 мам. 2025 13:38

Ордабасы ауданында тұрғындарды газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Бүгін Шұбар ауылдық округіне қарасты Тоқсансай, Береке, Сарытоғай ауылдарында «көгілдір отын» беру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Ауыл жұртын қуантқан салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев пен облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш арнайы барып тұрғындарды құттықтады.

Аудан басшысы жұртшылықты құттықтай отырып, осы нәтижелі жұмыстың жүзеге асуына облыс басшылығы мен облыстық мәслихат депутаттарының үлкен қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті. Облыстық мәслихат депутаты Дулат Әбіш бұл игілікті істің Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып отырғанын айтып, ауыл халқына ақжарма лебізін арнады. Өз кезегінде ауыл жұрты бұл игілікке зор ризашылығын білдіріп, ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарға ақ батасын берді.

Айта кетсек, аудан бойынша 25 елді-мекенді газбен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 2021 жылы тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған. Соңғы 2 жыл ішінде аудан әкімінің үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде аудан тұрғындарын толық табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында нақты әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша 57 елді-мекеннің 36-сы табиғи газға қосылып, жалпы көрсеткіш 2 жылдың ішінде 15,7 пайыздан 63,1 пайызға өсіп отыр.

Келесі кезекте Шұбарсу ауылын газбен қамту міндеті тұр. Биыл ауылға газ жеткізуші құбырдың құрылысына бастапқы қаржы қаралып, жұмыстар басталады. Одан бөлек, басқа да елді-мекендерде тиісті жұмыстар атқарылып, 2 жыл көлемінде ауданымыз толық газбен қамтылады деп күтілуде.

Ендігі кезекте, табиғи газ қосылған ауыл тұрғындары өз үйлеріне газ қосу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Аудан басшысы ауыл оркругтерінің әкімдіктеріне бұл жұмыстарға тиісті қолдау көрсетуді тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар