Түркістан: Ордабасы ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды

Ақтоты Жапатова 06 мам. 2025 14:22 300

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында қоғамдық көліктер жаңартылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркістан облысында тұрғындарды толғандырған жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер оң шешімін тауып келеді. Ордабасы ауданы көлемінде 11 әлеуметтік маңызы бар бағыттар жергілікті бюджеттен субсидияланып, қоғамдық көліктермен қамтамасыз етілген болатын. Әйтсе де, жолаушыларға қызмет көрсетуші мердігер мекеменің көліктерінің ескілігінен мәселе туындап, аудан әкімі Азат Оралбаев көліктердің сапасыздығын сынға алып, сала жауаптыларына кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырған.

Осы мақсатта аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен жолаушылар тасымалдаушы мердігер мекеме «SARavto» ЖШС тиісті нәтиже көрсетіп, аудан көлеміндегі 13 қоғамдық көлікті жаңартуға қол жеткізді.

Бүгін аудан басшысы арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы лизингке алынған, аталған су жаңа отандық қоғамдық автокөліктердің 6 данасын салтанатты рәсіммен халық игілігіне пайдалануға табыс етті.

Арнайы рәсімде аудан басшысы халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы тапсырманы нәтижелі орындаған тиісті сала мен мердігер мекеме қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта қоғамдық тасымал бағытындағы тұрғындар игілігі үшін атқарылатын шаруалар толастамай жалғасын тауып, барлық бағыттардағы аялдамалар да жаңартылатынын жеткізді.

Айта кетейік, аудан орталығы Темірлан елді мекенінде 4 және халық көп шоғырланған Шұбарсу ауылында 2 қоғамдық автокөлік бүгіннен бастап жолаушыларды тасымалдайды. Қалған 7 автокөлік жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында, қосымша қондырғылармен жабдықталып, мамыр айының соңына дейін жеткізіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар