Түркістан облысының 177 елді мекен талшықты оптикалық байланыс жүйесі тартылады

Dalanews 12 жел. 2018 14:34 1249

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті Жолдауында цифрландыру мәселесіне ерекше тоқталды. Осы бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі телекоммуникация саласына жүктелгені белгілі. Осы ретте Түркістан облысында цифрландыру ісіне қатысты қыруар жұмыстар атқарылуда. 



Түркістан облысындағы қарапайым халықтың айрықша сұранысқа ие жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз ету жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Сапалы ғаламтордың қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін талшықты оптикалық байланыс жүйелерінің маңызы зор. Талшықты оптикалық байланыс жүйесі тұрғындардың электронды мемлекеттік қызметке, қашықтықтан оқытуға және телемедицина саласына қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, бұл жүйе шағын бизнесті дамытудың да көкжиеген кеңейтетіні анық.

Осы ретте Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекциясы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстары аумағында талшықты оптикалық байланысты жобалау мен салу бойынша көптеген жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Ал, талшықты оптикалық байланыс желісі дегеніміз – мәліметтерді жарық көмегімен беруге арналған күрделі кабельдер жүйесі. Оның жеткізу жылдамдығы мен сапасы өте жоғары болмақ. Басқа электр байланыс желілеріне қарағанда ақпарат беру жылдамдығының жоғарылығымен (100 шақырымнан асатын қашықтыққа 107-109 бит/с), аз шығындалуына байланысты алыс қашықтыққа ақпаратты ретрансляторсыз жеткізу мүмкіндігімен, пайдалануға икемділігімен және арзандығымен ерекшеленеді.

«Қазақтелеком» АҚ «талшықты оптикалық байланыс желілері технологияларын қолдану арқылы Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерінде интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде биыл Түркістан облысының бірнеше ауылында талшықты оптикалық желісінің құрылысын аяқтады.

Бұл жобаға 250 мыңнан астам тұрғыны бар 177 елді мекен қамтылса, әзірге 5 ауылда құрылысы аяқталып, олар қазан айында іске қосылды. Атап айтқанда, бұлардың қатарына Қосмезгіл, Құрама, Жеткіншек, Шыпан және Қызылқұм ауылдары кіріп отыр. Аталмыш елді мекендерде орналасқан мемлекеттік органдарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету үшін 2966 метрді құрайтын оптикалық кабель төселген. Қалғаны келер жылдың еншісінде тұр.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар