Түркістан облысында салынып жатқан “Қасқасу” тау-шаңғы курортының қашан пайдалануға берілетіні белгілі болды. Бұл туралы Индустрия және туризм комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев ОКҚ-дағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аймақ әкімдігі шамамен 3 млрд теңге бөлген. Бұл қаржы инфрақұрылымды дамытуға, электрмен жабдықтау мен кәріз жүйесін салуға бағытталған.
“Әкімдік мәліметінше, жобаның жалпы құны – 46 млрд теңге. Құрылыс мерзімі 2029 жылға дейін, ал құрылыс-монтаж жұмыстары 2024–2028 жылдары жүргізіледі”, – деді Кәріпбаев.
Еске салсақ, “Қасқасу” жобасы 2019 жылы Түркістан облысының 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі кешенді жоспарына енгізілген. Жоба аясында теңіз деңгейінен 1750–3200 метр биіктікте шаңғы трассалары, арқан жолдары, бугельді жолдар, көтергіштер, қонақүйлер, мейрамханалар, аквапарк, альпілік ауыл, ойын-сауық, спорт және жаттығу орталықтары салынады деп жоспарланған.