Түркістан облысында екі күн бұрын болған алапат өрт 12 адамның өмірін жалмап, бүкіл елді қайғыға салды. Қаралы күні ел алдында жүрген кейбір танымал тұлғалар марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, қайғыға ортақтасса, енді бірі үнсіз қалып, қоғам сынына ұшырады. Dalanews.kz редакциясы осы оқиғаға қатысты қоғам белсенділері мен өнер иелерінің реакциясына шолу жасады.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
18 қараша күні Түркістан облысы Алғабас ауылында екі қабатты үйден өрт шығып, 12 адам көз жұмды.
"Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі жеткен кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды", - деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД 101.
Президент реакциясы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Депутаттардың реакциясы
Әлеуметтік желіде алғаш болып үн қатқандардың бірі – депутат Дәулет Мұқаев. Ол парақшасында қайғылы жайтты толық баяндап, қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.
“Түркістан облысына қарасты Алғабас ауылында болған өрттен 12 адам қаза тапты. Оның тоғызы – бала. Қайғылы оқиға бүгін таңертең болды. Өрт екі қабатты үйді шарпыған. Ес-түссіз күйде үш адам эвакуацияланды. Көршілердің айтуынша, үйде қонақтар болған, бір күн бұрын үй иелерінде жиын өткен", — деп жазды ол.
Депутат Ардақ Назаров та бұл оқиғаны назардан тыс қалдырмады.
“Түркістан облысындағы қайғылы жағдай бүкіл ел үшін ауыр хабар. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндердің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Қайтыс болған жандардың жақындарына сабыр тілеймін. Алла алдынан жарылқасын!”, - деп жазды ол.
Өнер жұлдыздарының реакциясы
Редакциямыз танымал тұлғалардың әлеуметтік желідегі парақшаларын шолып шықты. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайға тек бірер ғана әнші үн қатқанын байқадық. Солардың бірі – әпкелі-інілі Роза Әлқожа мен Әбдіжаппар Әлқожа.
Әнші Роза Әлқожа исламтанушы Қасым Қасабектің жазбасын бөлісіп, марқұм болған отбасының жақындарына көңіл айтты.


Ал Әбдіжаппар Әлқожа оқырмандарына қайғыны бөлісуге, марқұмдарға Құран бағыштап, дұға етуге шақырды.
"Жетісайдағы жағдай барша Қазақ халқы үшін қайғылы және, өте өкінішті! Әулетіне қайғыра көңіл айтамыз. Құрметті менің оқырман, достарым! Бүгін ертең көңілді немесе жеке бастың шаруасымен бір пост, стористеріңізді салмай, қайғыға, дұғамен ортақ болайықшы. Елге амандық тілеп, қазалы үйге қайғыру көңіл білдіру ретінде, Құран бағыштап, дұғада болайықшы. Алла елімізге жар болсын", - деді Әбдіжаппар Әлқожа.
Әнші Мақпал Жүнісова да жүрегі езіліп, жазба жариялады.
“Орны толмас қасірет, қыршыннан қиылған тағдырлар…
Қандай суық хабар жетті. Туғандарына қайғырып көңіл айтамыз. Алла панасына алып, жәннатта бірге болсын, имандары саламат болсын”, — деді ол.

Сондай-ақ ауыр қаза тіркелген күні кей өнерпаздар өздерінің қуанышты жаңалықтарын жариялап, жұрттың ашуына тиді.
Мәселен, белгілі әнші Қарақат Әбілдина 18 қараша күні тойдан видео жүктеп, 19 қыздың тұсауын кескенін мақтанышпен жазды. Сонымен қатар 2026 жылға тұсаукесер тойына тапсырыс қабылдайтынын хабарлаған.
“Тәй-тәй басқан періштелердің жолы ашық болсын! Бүгінгі қуаныш – ертеңгі тарих. Жаратқан маған осындай ерекше сәттерді сыйлап қойғанына шүкір. Кеше бері жұмыс телефоныма тұсаукесерге жазылу туралы көп өтініш түсіп жатыр. Сондықтан осы посттың астына қалдырған өтініштеріңіз бойынша, Алла қаласа, 2026 жылы тағы да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – амандық, тыныштық, береке болсын”, – деп жазды әнші.
Бұл жазба халықтың қатты сынына ұшырады. Себебі ел қайғы жұтып жатқанда, мұндай жарнама көпшілікке орынсыз көрінді.
Сонымен қатар кейінгі уақытта жұрт назарына жиі ілігіп жүрген продюсер Мөлдір Мұқан да киносының жабық көрсетілімінен үзінділерді жариялап, қуанышын бөліскен еді. Алайда қайғылы жағдайға үн қатпады.
