– Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейін Ұлттық жоспар шеңберінде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қолжетімді орта порталы» енгізілген. Онда ғимараттарға кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуге жауапты аудандық, қалалық атқарушы органдар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерін паспорттау және бейімдеу туралы ақпаратты тұрақты негізде ендіреді. Бүгінгі таңда жүйеге 3 287 нысанның деректері енгізілген, – деді Мадина Ахметқызы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне қол жеткізуін қамтамасыз етілуіне байланысты 77 нысанға профилактикалық бақылау пен жоспардан тыс тексерулер жүргізілгендігін айтты.
– Нәтижесінде, барлық тексеру қорытындысымен кемшіліктерді жою туралы жалпы 67 нұсқама беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес айыппұл салынды. Есептілік кезеңде жалпы 432 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде: 416-ы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзу бойынша, 9-ы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету заңнамасының талаптарын сақтамағандықтан, – деді Руслан Кәрібайұлы.
Департамент басшысының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға негізінен бейімдеу жұмыстары тек қана кресло-арбадағы азаматтарға арналған пандустарды орнатуымен шектелген. Одан бөлек, арнайы белгілер, автотұрақтар, тактильді жолақтар, Брайль әрпімен басылған жарнамаларды орнату, екі және одан да жоғары қабаттағы ғимараттардың 1-қабаттарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдайтын бейімделген арнайы бөлмелермен және бейімделген әжетханалармен қамтамасыз ету жұмыстары толыққанды жүргізілмеген.