– Ұлттық санақ елдегі карантиндік шараларға байланысты 2020 жылдан 2021 жылға ауыстырылған болатын. Ағымдағы жылы өтетін ұлттық халық санағының басты ерекшелігі – санақ процесі автоматтандырылып сауалнама парақтарын мамандар электронды планшетте толтыру арқылы жүзеге асыратын болады. «Қазақстанда әркім маңызды!» ұраны аясында ұйымдастырылып жатқан халық санағы елімізде алғаш рет жаппай аралаумен бірге онлайн-режимде өткізіледі. Биылғы халық санағы 2 кезеңмен жүргізіледі. Бірінші – дайындық кезеңі және екінші – негізгі кезең, – деді Б.Абайбекұлы.
Департамент басшысының сөзінше, санақтың бірінші – дайындық кезеңі 1 - 30 маусым аралығында өтеді. Оған 127 уәкіл, 50 нұсқаушы-бақылаушы және 352 интервьюер жұмылдырылды. Интервьюерлер мөрмен расталған куәлікпен, санаққа қажетті құрал-жабдықтар және портфельмен қамтамасыз етілген. Олар тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекен-жайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың санын нақтылайды.
Сондай-ақ, кез келген азамат орналасқан жеріне қарамастан, өзін және отбасы мүшелерін www.sanaq.gov.kz және www.e-gov.kz сайттары арқылы санақтан өткізе алады. Онлайн-режим санағынан өтпеген азаматтарды қамту үшін 1 мен 30 қазан аралығында дәстүрлі жаппай аралау әдісі жоспарланған. Бұл санақ процесі жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша жалпы 2 847 адам қатысады.