Мәскеуде таныстырылым кезінде жаңа робот қирап қалды

Қаракөз Амантай 12 қар. 2025 18:12

Мәскеуде өткен таныстырылымда ресейлік адам тәрізді робот Aidol тепе-теңдігін жоғалтып, құлап түсті. Бұл сәттің видеосы "Известия" басылымында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Роботты "Жаңа технологиялық коалиция" компаниясы әзірлеген. Кадрларда Aidol бірнеше қадам жасап, қолын бұлғап тұрғаны көрінеді. Бірақ кейін тепе-теңдігін жоғалтады. Құлаған кезде роботтың сыртқы қаптамасының кей бөліктері зақымданған.

Компания бас директоры Владимир Витухиннің айтуынша, робот әртүрлі жағдайда сынақтан өткен, бірақ құлау жарық жеткіліксіз болғандықтан немесе техникалық ақау салдарынан болуы мүмкін.

"Мұнда басқа факторлар да әсер еткен, соның ішінде жарық жағдайы себеп болды. Мүмкін, электр кернеуінде де ауытқу болған шығар", – деді ол.

Витухиннің сөзіне қарағанда, Aidol-дың 77 пайызы ресейлік бөлшектерден жасалған. Робот қозғала алады, заттармен әрекеттесіп, адамдармен қарым-қатынас жасай алады. Бетінде орналасқан 19 сервоқозғалтқыш оған 12 негізгі эмоцияны көрсетуге мүмкіндік береді.

Интернетке қосылмай-ақ жұмыс істей алатын бұл робот қызмет көрсету, өндіріс және қоғамдық кеңістіктерде қолдануға арналған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар