Қазақстанда бензин мен дизель отынын шетелге шығаруға тыйым салынды

Қаракөз Амантай 12 қар. 2025 13:48

Қазақстан Энергетика министрлігі бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға алты айға жаңа тыйым енгізді. Тиісті бұйрыққа сәйкес, бұл шектеу 2025 жылдың 20 қарашасынан бастап 2026 жылдың 20 мамырына дейін күшінде болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжатқа сай, аталған тыйым автокөлікпен бензин, дизель отыны және басқа да мұнай өнімдерін, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерге шығаруға да қолданылады.

Алайда бұл шектеу майлау материалдарына, сондай-ақ автокөліктің зауыттан орнатылған отын багында бір реттік алып шығуға және авиациялық отынды ғылыми-зерттеу мақсатында аз көлемде шығаруға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ гуманитарлық көмек ретінде мұнай өнімдерін экспорттауға үкімет шешімімен рұқсат беріледі.

Бұған қоса, бұйрықта теміржол көлігі арқылы мұнай өнімдерін экспорттауға да уақытша тыйым салынатыны жазылған. Бұл шектеу тек кейбір арнайы бекітілген жоспарлар бойынша жеткізілетін бензин түрлеріне және гуманитарлық көмек ретінде жөнелтілетін өнімдерге қолданылмайды.

Сонымен қатар 2026 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымына дейін тағы бір алты айлық кезеңге шектеу енгізіледі. Бұл жолы тыйым жеңіл дистилляттарға, авиакеросинге, дизель отынына, газойльге, толуол мен ксилолға, сондай-ақ мұнай битумына қатысты болмақ.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай шаралар ішкі нарықты жанармай тапшылығынан қорғау және бағаның тұрақтылығын сақтау мақсатында қабылданған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар