Түркістан облысында майнинг құрылғыларын ұрлау ісі: полицейлер сотталып, шендерінен айырылды

Көркем Алдабергенова 07 сәу. 2026 11:05

Түркістан облысында майнинг құрылғыларын жымқыру ісі бойынша бірнеше адамға қатысты үкім шықты. Бұл туралы Түркістан облыстық соттарының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс алқабилердің қатысуымен қаралған.

Сот үкіміне сәйкес, Н. мен А.-ның әрекеті қайта сараланып, олар Қылмыстық кодекстің 361-бабы («Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану») бойынша кінәлі деп танылды. Екеуі де үш жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар Н. полиция майоры, ал А. подполковник арнайы атақтарынан айырылды.

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қарашасында бұрын есірткіге қатысты істерге тартылған Б. есімді азамат полицейлерге «L.» ЖШС көлігінде есірткі болуы мүмкін екенін хабарлаған. Алайда Н. мен А. бұл ақпаратты тіркемей, басшылыққа жеткізбеген. Керісінше, заңсыз әрекетке барып, көлікті тоқтатып, айыптұраққа қойған.

Тексеру барысында көліктен есірткі табылмаған. Осыдан кейін олар оқиға орнынан кетіп қалған.

Кейін М. мен Е. айыптұрақта тұрған көліктің тіркемесіне заңсыз кіріп, «L.» ЖШС-не тиесілі 1169 дана майнинг құрылғысын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 100 миллион теңгеден асқан.

Сот барысында Б., Н. және А.-ға тағылған бопсалау айыбы дәлелденбеді, олар бұл эпизод бойынша ақталды.

Сонымен қатар:
• Б.-ның әрекеті де қайта сараланып, ол үш жылға сотталды және өмір бойына белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айырылды
• М. мен Е. ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылды
• Е.-ге амнистия заңына сәйкес 4 жыл 9 ай 18 күн жаза тағайындалды
• М.-ға 4 жыл шартты жаза берілді

Жәбірленушіге келтірілген 67 миллион теңгеден астам шығын сотталғандардан ортақ тәртіппен өндірілетін болды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove