Түркістан облысында жол бойындағы нысандар ретке келтіріледі

Ақтоты Жапатова 01 сәу. 2025 16:37 561

Облыс әкімінің халықаралық маңызы бар жолдардың бойын ретке келтіру бойынша тапсырмасына сәйкес, Түркістан-Шымкент-Сарыағаш бағытындағы күрежол бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарға жүргізілген зерделеу нәтижесі бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиналыста сараланды, деп хабарлайды Dalanews.kz 

«Жұмысшы топ бүгінгі таңда 137 нысанды аралап, бірқатар кәсіпкерге ғимараттардың сәулетіне қатысты ескерту жасады. Түркістан-Шымкент-Сарыағаш бағытында 33 жанармай бекеті, 69 тамақтану орны, 8 қонақүй, көлікке техникалық қызмет көрсететін 27 нысан бар. 7 нысанның иелері жөндеу жұмыстарын жүргізуге уақыт сұраса, иесі анықталмаған 3 ғимаратты бұзу жөнінде мекен жайы бойынша аудан әкімдіктеріне ұсыныс жолданды. Ордабасы және Бәйдібек аудандарында орналасқан 4 нысанның иесі нақтылануда», — делінген Түркістан облысының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бірқатар нысандар Алматы-Термез тас жолы жөндеуден өткен 2010 жылдан бері қызметін тоқтатқан. Өйткені ғимараттар жол қоршауының тысында қалып қойған. Кәсіпкерлер ғимаратқа көлік бұрылысына жол ашылып, рұқсат берілген жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізген.

Облыс әкімінің орынбасары дүңгіршектер мен сауда қатарлары үшін бірыңғай сәулет үлгісін ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, жолаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, жол бойында көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесін жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлерге ұсыну керектігін атап өтті. Сонымен қатар, облыстағы аудан-қала аралық жол жиектеріндегі кәсіпкерлік нысандардың заңдылығын зерделеп, қасбеттерін реттеу бойынша тиісті тапсырмалар берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар