Түркістан облысында елдімекендерді ауыз сумен қамту 85,7 пайызды құрайды

Dalanews 03 там. 2022 15:50 820

Түркістан облысында 831 елді мекеннің 86 пайызға жуығы ауыз сумен қамтылғанын бүгін брифингте Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы С.Далиев айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

– Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-і (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) яғни, 85,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, биыл ауыз сумен жабдықтау бойынша 53 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 26-ын осы жылы аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал қалған 27 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі, – деді басқарма басшысы Сәкен Шалабайұлы.

Спикердің сөзінше, жыл қорытындысымен, 13 елді мекенді (Сарыағаш – 4, Келес – 4, Қазығұрт – 2, Ордабасы – 3) ауыз сумен қамтамасыз ету, ал 14 елді мекеннің (Сауран – 1, Қазығұрт – 1, Төлеби – 5, Жетісай – 2, Мақтарал –1, Ордабасы – 1, Шардара – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су құбырларын қайта жаңарту жоспарланған.


Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 119 ауылдық елді мекеннің 71-не су құбырларын жүргізу, 48-не блок-модуль кешенін (КБМ) орнату жоспарлануда.

Айта кетейік, өңірдегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар