Жобада оқу үшін қатысушылар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтініммен жүгінуі қажет. Орталық үміткер мәртебесі расталған кезде оқытуға жолдама береді. Үміткерлер қазірден https://atameken.co сайтында өз бетінше электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өте алады немесе өңірлік палата жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен оның аудандық филиалдарына жүгіну керек.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбековтың айтуынша, оқыту курсы бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушыларға топтарда практикалық оқыту, бизнес-жобаны таныстыруға дайындық жүргізіледі.
Биыл елдегі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты курс өткен жылдағыдай онлайн-форматта өтеді. Оқуға жұмыссыздар, еңбекке жарамды мүгедектер, жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, қоныс аударғандар және қандастар қатыса алады.
Айта кету керек, мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды, сәйкесінше курсқа қатыспайды. Сонымен қатар, бала күтімімен демалыста жүрген аналар мен орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері де курсқа қатыса алмайды. Толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы үшін +7 72533 5-98-98 байланыс нөмірі жұмыс істейді.