Оның айтуынша, облыстағы өзге де аудандардағы сауда орындарына тұрақтандыру қорындағы арзандатылған тауарлар жеткізілуде. Ол тауарлардың келуі аудан әкімдігінің сұранысы бойынша жүзеге асады.
– Түркістан қаласы аумағында 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйлерінде («Magnum Cash&Carry», «Дастархан», «Шапағат», «Дәулет») 18 азық-түлік тауарлары арзандатылған бағамен сатылуда. Мәселен, картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, пияз – 70 теңге, тұз – 42 теңге, күріш – 265 теңге, макарон – 200 теңге, қант – 315 теңге, ұн – 150 теңге, күнбағыс майы – 720 теңге, қарақұмық – 480 теңге, жұмыртқа – 34 теңге, тауық еті – 870 теңге, қырыққабат – 110 теңге, әлеуметтік нан – 70 теңгеден сауданалануда. Бұдан басқа, Түркістан қаласында филиалы бар «Магнум» сауда желісімен ӘМАТ-қа сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы келісім жасалды, – деді Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұрбақыт Иманқұлов ӘМАТ бағалары күнделік қатаң бақылауда екендігін айтып, бұл мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, облыстағы ірі базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 1,5-2 айлық қоры бар екендігін мәлімдеді.
Тауар бағаларын тұрақтандыру бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім меңгерушісі Бақдәулет Тілеуов биылдың өзінде облыс орталығындағы «Экобазарда» азық-түлік тауарларының 9 жәрмеңкесі өткенін айтты. Айта кетерлігі, әр жұма күні Түркістан қаласындағы «Экобазарда» (Түркістан қаласына кіре берістегі жаңа автовокзал маңы) азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық бағадан арзандатылып сатылуда.