Түркістан облысының прокуратурасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу деректерін әшкереледі. Тексеру барысында 86 отбасының мемлекетке 17 млн теңге шығын келтіргені белгілі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 91 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда біртіндеп азайған: 2023 жылы – 168 мың, 2024 жылы – 97 мың адам.
Дегенмен, талдау нәтижесі кейбір отбасылардың құжат тапсыру кезінде бір мекенжайды көрсеткенін анықтады. Бұдан бөлек 56 өтініш бойынша жалған қорытындылар жасалып, 9,7 млн теңге заңсыз төленген.
Тексеру кезінде тағы 22 отбасының өз меншігіндегі мүлікті (автокөлік, жер учаскесі және т.б.) жасырғаны, ал 13 отбасының табысын көрсетпегені белгілі болды.
Прокуратура әкімдікке заң бұзушылықтарды жою және 36 млн теңгеден астам қаржыны мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс енгізді. Қазіргі таңда әкімдік актіні қарау барысында тиісті шаралар қабылдауда.