Түркістан облысында 50 инвестициялық жоба іске қосылып, 2600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды

Ақтоты Жапатова 07 қаз. 2025 13:10

Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 39,5 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 609 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асырып, 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Аталған инвестициялық жобалар құрылыс материалдарды және дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, пластмассадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәлімделді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Облыс басшысы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.

– Президент халыққа арналған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс. Шұғыл түрде мәселелерді шешудің қадамдық іс-шаралар жоспарын жасап, атқарылған жұмыстар туралы әр апта сайын мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Инвестиция тарту, индустриалды аймақтарға қатысты жұмыстарды сапалы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жүргізу үшін 12,35 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылды.

Осы жылдың І жартыжылдығында кәсіпорындардың өндірілген өнім көлемі 12,5 млрд. теңгені құрады. Бюджетке 756,6 млн. теңге салық түскен. Бүгінде индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 млрд. теңгеге жаңа 28 инвестициялық жоба орналастырылды. Нәтижесінде, 2370 жұмыс орны ашылды.

Аталған инвестициялық жобалар құрылыс материалдарын және дайын металл өнімдерді өндіру, металлургия, машина жасау, пластмасадан жасалған өнімдерді өндіру, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларында жүзеге асырылуда.

Мәжілісте аудан, қалалардағы индустриалды аймақтардың жағдайы, онда жүзеге асырылып жатқан жобалар баяндалды. Аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшысына индустриалды аймақтарының инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге қажетті қаржының есебін жасау, жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлерден жерді қайтару, зауыттарды жергілікті салықтық органдарға тіркеу және өзге жобаларды көбейту жөнінде тапсырма берілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар