Түркістан облысында Кеңес Одағының батырлары мен Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жыл соңына дейін 47 көшеге майдангерлердің аты берілмек,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Республика бойынша есімдері ұлықталуға тиіс 500 ардагердің ішінде 47-сі Түркістан облысынан ұсынылды. Іріктеудің басты талаптарының бірі олар кемінде бір орденмен марапатталған болуы керек. Осы критерийге сәйкес облыстан 122 ардагердің есімі министрлікке ұсынылып, ішінен 47-і мақұлданды.
— Қазіргі уақытта аудандық және қалалық әкімдіктер ардагерлердің есімдерін көшелерге беру жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл үдеріс Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 1 шілдедегі № 211 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Аталған бұйрықта елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау немесе транскрипциясын нақтылау кезінде жергілікті халықтың пікірін ескеру тәртібі айқындалған, — делінген Түркістан облысының мәдениет басқармасының хабарламасында.
Сонымен қатар, 2020 жылғы 26 мамырдағы № 149 бұйрықпен бекітілген «Мемориалдық тақталар орнатуға рұқсат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес, жергілікті әкімдіктер тиісті көшелер бойына ардагерлер жайлы ақпарат беретін тақтайшалар мен мемориалдық белгілер орнату жұмыстарын жүргізетін болады.