Түркістан облысынан биыл 4500 жас әскерге барады

Нұрлан Жұмахан 16 ақп. 2024 11:32 2954

Түркістан облысы әкімдігінде 2024 жылғы әскерге шақыру науқанына дайындық мәселелері бойынша жиын өтті. Облыстық шақыру комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен басқосуға Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы, Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, білім басқармасы, Түркістан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің орынбасарлары мен ТЖД, Ұлттық ұлан, Шекара қызметінің өкілдері және  бейне-селекторлық байланыс арқылы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күн тәртібінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстарының барысы,  жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жұмысының тиімділігі және алдағы жоспарлар талқыланды. Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың өкілдері өз бөлімдеріне әскерге шақырылушыларды іріктеу тәртібі мен оларды жасақтау мәселелері туралы баяндады. Жұмысты нашар ұйымдастырған аудан, қалалардағы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Түркістан облысында 2024 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына азаматтарды іріктеу және алдын-ала зерделеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Әскери борышын өтеуден жалтарып жүрген жастар мәселесі де сөз болды.

– Жастарды мәжбүрлеп жібермей, оларды Отан алдындағы борышын өтеуге қызықтырып, әскери өмірдің өзіндік ерекшеліктері туралы көбірек насихаттауымыз керек. Осыған байланысты өз тараптарыңыздан нақты іс-шаралар  жоспарын жасаңыздар. Кейбір жастардың Қарулы күштер қатарына барғысы келмеуінің себебін анықтау үшін зерттеу жұмыстары не себепті баяу жүргізілуде? Облыстағы мектептерде «Жас сарбаз» әскери үйірме сыныптарын ашуды қолға алған жөн. Биыл өңірде әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар санын көбейтуді қолға алып, үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру керек. Барлық аудан-қалада әскери-патриоттық және де әскери еріктілер клубын құру қажет, – деді  облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Өз кезегінде  Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дюсебаев әскерге шақыру бойынша өз ұсыныстары мен ойларын жеткізді.

«Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың негізгі міндеті – Қарулы күштерді жас сарбаздармен сапалы және уақтылы толықтыру. Бұл жұмыс үздіксіз жүреді», деді ол.

 Жиында өңірде жұмыссыз жүрген жастарды мүмкіндігінше әскерге баулу  мақсатында жұмыстар қолға алынғаны айтылды.  Жастарды әскери оқуға жіберу бойынша жұмыстар жүргізілетіні сөз болды. Сонымен қоса жастарды отаншылдыққа, әскери бағытта тәрбиелеу, мемлекеттік органдардың азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына қатысты мәселелер қозғалды.

Жиында жауапты тұлғаларға әскери қызметке шақыру барысын қадағалауды күшейту және азаматтардың шақыру комиссиясының отырыстарына келуін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдау тапсырылды.

Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан 4500-ге жуық азамат әскерге аттанды. Биыл да өңірден 4500 жасты әскерге жіберу жоспарланып отыр. Оның ішінде 2255 жас көктегі маусымда болса, 2245 жас күздік маусымда жөнелтіледі деп күтілуде. Осы бағытта дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар