Биыл 1 наурыздан бастап Түркістан облысында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Шара маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Науқан барысында 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Түркістан облысы Қорғаныс істері Департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Әскерге азаматтарды шақыру – бұл Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтауға бағытталған маңызды шара. Биыл көктемде Түркістан облысынан 2500-ден азамат шақырылып, олар бүкіл ел аумағында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Жоспар бойынша күзгі науқан кезінде де 2500 азамат әскерге шақырылмақ. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр»,- деді спикер.
Медициналық және шақыру комиссиялары облыстың 14 ауданында өз жұмысын жалғастыруда. Ал жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушыларға хабарлау жұмыстарын ұйымдастырады. Еске сала кетейік, хабарлау тек дәстүрлі шақыру қағаздары арқылы ғана емес, сонымен қатар, мобильді телефондарға SMS-хабарламалар жіберу арқылы да жүргізіледі.
Сондай-ақ, әскери қызметтен жалтару заң бойынша ауыр салдары бар. Дәлірек айтсақ, шақырылушы негізсіз келмесе, оған айыппұл салынады, ал медициналық тексеруден өтуден бас тартса – ескерту немесе айыппұл қарастырылған. Ал егер заңды себепсіз әскери қызметтен жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл айыппұл төлеуге, түзеу немесе қоғамдық жұмыстарға, тіпті бас бостандығынан айырылуға дейін алып келуі мүмкін.
ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге қызмет етуге қызығушылықты арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдауда. Олардың арасында «Несиелік демалыс» бағдарламасы, бұл қызметке шақырылған азаматтарға қызмет мерзімінде несиелер мен қарыздарды төлеуден босату мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті абыроймен атқарып шыққан азаматтарға «Срочник 2.0» жобасы аясында университеттерге қабылдау емтихансыз түсу мүмкіндігін ұсынады.