Алматы облысындағы Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар тасжол тамызда ел игілігіне беріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жол тегістеліп, негізгі жұмыстар тәмамдалған. Енді асфальт төсеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін жол бойындағы 42 (100%) су өткізгіш құбыр толық орнатылып, 2,5 шақырым жол асфальтталған.
Жолдың жалпы ұзындығы - 10 шақырым. Жоба былтыр қазанда басталған. Жалпы құны - 2,43 млрд теңге. Биыл жол құрылысына жергілікті бюджеттен 1374,9 млн теңге қаржы бөлінген.
Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымы талапқа сай болуына, жол сапасы жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер саны артуына оң ықпал етеді.