Түркістан облысы әкімдігі мен Түркияның медиа компаниясы арасында әріптестікті нығайту туралы меморандум жасалды

Ақтоты Жапатова 28 ақп. 2025 12:51 277

Түркістан облысында туризм және мәдениет салаларына инвестиция тарту жұмыстары жан-жақты жүргізіліп келеді. Бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Түркия мемлекетінің «Albayrak Media Group» компаниясының маңызды тұлғасы және «Yeni Şafak» газетінің халықаралық бөлімінің директоры Өмер Кабланмен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Тараптар Түркістан өңірін әлемдік деңгейде таныту мақсатында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын кеңінен талқылады.
 
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Түркістанда туризм қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жаңа бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді.
"Ортақ тарихи құндылықтарымыз бізді одан әрі жақындастырады. Сіздің медиа саласындағы мол тәжірибелеріңіз және ықпалыңыз біз үшін өте маңызды. Түркістан облысы – еліміздің тарихында айрықша орны бар, мәдениет пен дәстүрді сақтап, даму мен жаңғыру жолында үлкен қадамдар жасап келе жатқан аймақ. Бүгінде бірегей тарихи және мәдени ескерткіштермен, көркем табиғи ландшафттармен және сауықтыру кешендерімен туристердің қызығушылығын арттыруда. Біз облысымызды әлемдік деңгейде таныту мақсатында халықаралық серіктестермен әріптестік орнатып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Бүгінгі кездесуіміз екіжақты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ортақ жобаларды жүзеге асыруға серпін береді деп үміттенемін. Сіздермен әрі қарай серіктестік орнатуға және ортақ мақсаттарға жету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз", – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Өмер Каблан Түркістан жайлы жобасын таныстырып, медиа саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
"Екі елге бір-біріміздің мәдениетімізді кеңінен таныстыруға дайынбыз. Сонымен қатар Түркістанды әлемге таныту бағытында үлкен жобалар бар. Алғашқы бастама ретінде Түркістанның мәдениеті мен дәстүрі, халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігі, қызықты деректер мен туристік нысандар туралы заман талабына сай фильм түсіруді көздеп отырмыз. Фильмдерге бірнеше тілде дубляж жасауға мүмкіндігіміз бар. Түркістанды әлемге таныту үшін үздік медиа платформаларымызды пайдаланамыз. Одан бөлек, оқыту және тәжірибе алмасу семинарларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", – деді медиа компания өкілі.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев басты мақсат – ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту екенін атап өтіп, түркі дүниесі туралы әлемдік платформаларға шығару бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екенін айтты.
 
Кездесу барысында Түркістан облысы әкімдігі мен Түркияның «Albayrak Media Group» компаниясы арасындағы әріптестікті нығайту туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы экономикалық-мәдени байланыстарға жаңа серпін береді деп күтілуде.
 
«Albayrak Media Group» – Түркиядағы ең ықпалды медиа холдингтердің бірі және елдің ақпараттық кеңістігінде маңызды рөл атқаратын компания.
 
Айта кетейік, осыған дейін Түркістан облысының делегациясы Түркияның Ыстанбұл қаласына іссапармен барып, TURSAB туристік ұйымына мүше компаниялармен кездескен болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар