Мақтаарал ауданында 5 елді мекенге табиғи газ берілді. Аудан әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісу үшін Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылында болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
«Бұл — үлкен қуаныш пен маңызды тарихи сәт. Табиғи газдың берілуі — елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту жолындағы үлкен қадам. Бұл тек өмір сапасын жақсартып қана қоймай, тұрғындарымыздың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге, әлеуметтік және экономикалық дамуға жол ашады. Мемлекет басшысының ел халқын сапалы өмір сүру мүмкіндігімен қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалары мен бастамалары нәтижесінде, осындай игі істер жүзеге асып отыр» - деді, Бақыт Насырханұлы.
Жиында аудан басшысы газдың жоспардан ерте қосылуына атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Абилдиевқа алғысын айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары газ алауының жанғанына куә болып, үлкен қошеметтерін көрсетті. Тұрғындардың ризашылығында шек болмады.
Газ берілген елді мекендердің ішінде Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр, Өнімкер елді мекендері және Жаңажол ауылдық округіне қарасты Арайлы, Достық елді мекендері бар.
Жалпы Мақтаарал ауданында 68 елді мекеннің 46-ы газ жүйесімен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 67,6% құрайтын еді. Жаңадан газ қосылған елді мекендердің есебінен бұл көрсеткіш және де артты.
Айта кетейік, 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттен жалпы 6,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 19 елді мекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрайды, құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, қалған газдандырылмаған 4 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысын бастау үшін биыл 891,0 млн. теңге қаржы қаралды.
Міне, осы жұмыстардың арқасында бүгін 5 елді мекенге газ беріліп отыр. Жалпы аталған құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан соң 2026 жылы Мақтаарал ауданы 100% табиғи газбен қамтылатын болады.