– Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына небәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан Елбасының стратегиялық маңызы зор шешімінен кейін дамудың жаңа сатысына көтерілді.
Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы – Түркістан алып құрылыс алаңына айналды, – деген өңір басшысы құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын жеткізді.
Қазір көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 26 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және медиаорталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ.А.Яссауи мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт-сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеруде. Биыл 11 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Ал әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қараша айында 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі