Түркияда қылмыс жасаған Өзбекстан азаматтары өмір бойына түрмеге тоғытылды

Түркияда қылмыс жасаған Өзбекстан азаматтары өмір бойына түрмеге тоғытылды
Түрме. Көрнекі фото: Photo by Sam Scholes/Getty Images

Стамбұлдың ауыр қылмыстар жөніндегі соты Өзбекстанның екі азаматы – Дилшод Турдимуратов пен Гафуржон Камолходжаевты екі отандасын өлтіргені үшін әрқайсысын өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы UzDaily.uz хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Сот 31 жастағы Турдимуратов пен 29 жастағы Камолходжаевты Дурдона Хакимова мен Сайера Эргашалиеваны аса қатігездікпен өлтірді деп айыптады.

Бұдан бөлек, ұрлық жасағаны үшін олардың әрқайсысына екі рет жеті жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыс 2026 жылдың басында болған. 24 қаңтарда Стамбұлдағы қоқыс контейнерлерінің бірінен бөлшектелген әйелдің денесі табылған. Полиция күдіктілерді анықтап, Түркиядан кетпек болған сәтінде Стамбұл әуежайында ұстаған.

Кейінгі тергеу барысында бұған дейін сол пәтерде тағы бір Өзбекстан азаматының қаза тапқаны анықталған. Тергеу дерегіне сәйкес, екінші әйелдің де денесі бөлшектеліп, қалдықтары қоқыс контейнеріне тасталған.

Сот отырысында айыпталушылардың ұстанымы әртүрлі болды. Камолходжаев Сайера Эргашалиеваны жалғыз өзі өлтіргенін айтып, бұл эпизод бойынша екінші сотталушының кінәсін жоққа шығарған.

Ал Турдимуратов соңғы сөзінде жасаған әрекетіне ақтау жоқ екенін айтып, өкініш білдірген және ең қатаң жазаға лайық екенін мәлімдеген.