Түлкібаста демеушілер 21 каналды тазалап берді

Dalanews 03 ақп. 2020 05:25 822

Аудан әкімінің өткен жылды қорытындылау мақсатында елді мекен тұрғындарымен кездесуінде тұрғындардың басым көпшілігінің көтерген мәселесі үй іргелік аумаққа ағынды су келуін қамтамасыз ету болатын.

 Бұл бағытта бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен қарқынды жұмыстар басталып кетті. Нақты айтар болсақ, демеушілер есебінен аудан аумағындағы 70,4 шақырымды құрайтын 21 каналға механикалық тазалау жұмыстары іске асуда. Нәтижесінде 2196 гектар жерге ауыз су барып, 1380 гектар үй іргелік және шаруа қожалықтардың суармалы жерлерін қайта айналымға қосу жоспарлануда.


Бұл бағытта жұмыстың жандануы ауыл аймақтарда тұратын тұрғындардың әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етпек. Себебі, ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлеріне егін егіп, өнім алуға бар мүмкіндіктер тумақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен демеушілер есебінен Машат, Келтемашат және Арыс ауылдық округтерінің аумағындағы  жалпы ұзындығы - 43,2 шақырымды құрайтын 8 су нысандарының бойына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп,  2 дана бас су құрылымы салынды. Нәтижесінде 1007 гектар ауылшаруашылығы бағытындағы жерлер ағынды сумен қамтамасыз етіліп отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар