Мерейтой аясында аудандағы М.Х.Дулати атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
– Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің тоқсан жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі — Түлкібас ауданы, Түркібасы аймағы Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі. Тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Елбасымыз айтқандай, тойды да тойлау керек, ойды да ойлау керек. Әрбір той, жаңа жұмыстардың толағай, тірліктердің бастауы болуы тиіс. Түркібасы әулие қасиетті орнының жақсаруы, жаңғыруы құт береке әкелсін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Конференцияда облыс басшысы ауданның бір топ азаматтарын Алғыс хатпен марапаттады. Конференцияда қоғам қайраткері З.Тұрысбеков, ғалымдар М.Мырзахметов, Д.Қожамжарова және Д.Қамзабек баяндама жасап, жан-жақты талқыланып, талдады.
Мерекелік жиын Т.Рысқұлов ауылындағы «Тұңғыш Президент» саябағында жалғасын тапты. Саябақта өнерпаздар өз өнерлерін тарту етсе, спорттық жарыстар мен «Жайдарман» ойыны бұқара халықтың көңілін көтерді.
Сондай-ақ, мерекелік шарада аудан қолөнер шеберлері көрмесі қойылды. Мерекенің жалғасы республикаға, облысқа танымал әншілердің гала концертімен жалғасып, іс-шара соңы мерекелік отшашумен аяқталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі