Алматының Медеу ауданында абаттандыру тәсілін өзгертіп жатыр

Алматының Медеу ауданында абаттандыру тәсілін өзгертіп жатыр
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ауданда жаңа қоғамдық кеңістікті құрар кезде әр аумаққа өзіндік тұжырымдама мен бірегей келбет беруге негізделген тәсіл енгізіліп жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі осылай деді. Осындай жобаның бірі – Оқушылар сарайының маңындағы кеңістікті жаңарту, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Тұжырымдаманың негізінде ғарыш тақырыбы жатыр: аумақта планеталарға байланысты арт-нысандар мен абаттандыру элементтері пайда болады. Кеңістік ең алдымен балалар мен отбасыларға бағытталып, демалыс пен танымдық функцияларды біріктіреді», – деп түсіндірді аудан басшысы.

Тағы бір ірі жоба – Әл-Фараби даңғылындағы шолу алаңын абаттандыру. Мұнда көгалдандырылған, серуен бағыты мен демалыс орындары бар толыққанды қоғамдық кеңістік қалыптастыруды ойластырып жатыр.   

Жаңа тәсілдің ерекшелігі – абаттандырудың стандартты элементтер жиынтығынан бас тарту. Жаңа кеңістіктер аумақтың мақсаты, қоршаған ландшафт пен тұрғындардың пайдалануын ескере отырып жобаланады.

Осылайша, міндет тек аумақтарды жаңартумен шектелмейді. Сонымен қатар өзіндік танымал келбеті бар жаңа тартылыс нүктесі де қалыптаспақшы.  

Аудан басшысы абаттандыру жұмысы тұрғын үй кварталында да жалғасып жатқанын айтты. «Халық қатысатын бюджет» аясында ауданда жалпы құны 2 млрд теңге болатын 30 жоба қолға алынды, оның 22-сі қазірдің өзінде аяқталды. Бағдарламаға алты аула мен сегіз қоғамдық аумақты абаттандыру, сондай-ақ автоматты суару жүйесін орнатуға бағытталған 16 жоба енген.