Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздегі жекеменшік мектептерге қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Кейбір жекеменшік мектептерге қатысты өте көп мәселе бар. Ол қай қалада және қандай мектеп екенін ұялтпай, атамай-ақ қояйын. Бірақ қажет болған жағдайда түсін түстеп, атын атап беруге болады деп ойлаймын. Бірінші кезекте туысқандық принциптермен мектептің мұғалімдерін, басшылығын тағайындау белең алып отырғанын көріп отырмыз. Еліміздегі кейбір жекеменшік мектептерде білімге қатысы жоқ адамдарды басшылыққа тағайындау, туысқанын мұғалім ретінде қабылдау мәселелері анықталған” - дейді министр.
Сонымен қатар министр жеке мектептердің атауына қатысты да пікір білдірді. Жекеменшік мектептердің көпшілігіне ойына келген аттарды қойып, білім беру лицензиясына сай келмейтін жағдайлар тіркелген. Оған қоса, мемлекетке тиесілі екі мектептің ортасына жекеменшік мектеп салып, түрлі жолдармен оқушыларды өздеріне тарту әрекеттері де байқалған.
“Біз таза, әділетті бәсекелестікті туындатуымыз керек. Бір жағынан ондай мектептердің көп еместігі қуантып отыр. Жақсы, таза, адал жұмыс істеп жатқан мектептер бар. Оларды қысқарту, жабу қаупі жоқ. Ал енді сапасыз, тек ақша табу үшін жұмысын ұйымдастырып жатқан мектептерге сұрақ болады”, - деді ол.
Министрдің сөзінше, заңға сай жұмыс істемеген бірнеше мектеп жабылып та үлгерген. Олардың кейбірі тіпті жертөледе орналасып, оқушыларды алдап жинаған.
“Бұл мектептер ата-аналарды алаяқтық жолмен шақырып алған”, - дейді Ғани Бейсембаев.