Түгелдеп жинай алмай отырмыз - Базарбек жерлері жекеменшікке өтіп кеткен ЖОО-лар туралы

Көркем Алдабергенова 26 ақп. 2025 11:10 255

Депутат Бақытжан Базарбек жерлері жекеменшікке өтіп кеткен университеттерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.

Базарбек сауалын оқу-ағарту және жоғарғы білім және ғылым министрлігіне жолдады. 

- Жер кодексінің 26 және 39-бабын қатаң түрде бұзып, әкімдер білім беру мекемелерінің жерлерін заңсыз жекеменшікке беріп тастаған. ҚазҰУ жерін “Жер аманаты” комиссиясымен түгелдеп жинай алмай отырмыз. Ақтөбе мемлекеттік университеті, ҚызПУ-дың 9 гектар жері кетіп қалған. Сонымен қатар, Аграрлық университеттің жерлері жекеменшікке өтіп кеткен. Осыған орай, заң жобасының ішінде жер кодексінің 26-бабына тиісті білім беру мекемелерінің жерлерін бөлу, нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салу және оны резервке қою сияқты нормаларды біздің депутаттық топ ұсыныс жасады. Бірақ үкімет тарапынан теріс қорытынды шыққан. Осыған орай сұрағым: халық үшін маңызды ұсынысқа үкімет қалайша теріс қорытынды берген, оның артында не жатыр?, дейді депутат Базарбек. 

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан заң жобасында қарастырылған нормаға қатысты министрлік қолдайтынын айтты. 

- Бұл жерде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін дамыту түрлі бағдарламаның негізінде жеке мектептерді дамытуға бағытталса, қазіргі таңда жаппай елдімекендерде арнайы мекемелерді салу мәселесі өзекті болып отыр. Осы бағытта мектепке дейінгі ұйымдарға жерлердің арнайы бөлінуін басқа мақсатта жұмсалмауын қолдаймыз, дейді Еділ Оспан. 

Бұл мәселеге қатысты ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов та пікір білдірді. 

- Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты жоғарғы оқу орындарының барлығы коммерциялық емес акционерлік қоғам формасына көшірілген. Сондықтан солардың мүліктері, соның ішінде, жерлері акционерлік қоғамдардың меншігі болып есептеледі. Сондықтан бұл норманы қарауға қатыспаған едік. Бірақ сіздермен жеке талқылауға дайынбыз, дейді Ешенқұлов. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар