«Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы 2026 жылдың қорытындысы бойынша 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Атырау облысына жұмыс сапарынан кейін Энергетика министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Теңіз кен орнын кеңейтудің ең ірі кезеңі аяқталып, кәсіпорын жобалық қуатына шыққан. Қазіргі уақытта тәуліктік мұнай өндіру көлемі шамамен 120 мың тоннаны құрайды.
Ведомствоның дерегінше, кеңейту жобасы аясында 2024–2025 жылдары жаңа өндірістік нысандар пайдалануға берілген. Ал 2025 жылдың қаңтарында Үшінші буын зауытында алғашқы мұнай өндірілді. Қазір кеңейту жұмыстары толық аяқталып, жаңа өндірістік қуаттар жоспарланған деңгейге жеткен.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ТШО 16,6 млн тонна мұнай өндірген.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов компаниядан жыл соңына дейін жарияланған өндіріс көлеміне қол жеткізу бойынша нақты іс-шаралары көрсетілген айқын жоспар күтетінін айтты.
«Біз ТШО-дан жыл соңына дейін мәлімделген мұнай өндіру көлеміне қол жеткізу үшін нақты іс-шаралар қамтылған жоспар күтеміз», – деді министр.
ТШО акционерлері
- Chevron – 50%
- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ – 20%
- ExxonMobil Kazakhstan Ventures Inc. – 25%
- «Лукойл» – 5%