Трамп Тоқаевты Газа бойынша Бейбітшілік кеңесіне шақырды

Көркем Алдабергенова 19 қаң. 2026 11:24

АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанды және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа мәселесі жөніндегі Бейбітшілік кеңесінің құрамына шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпаратты Tengrinews агенттігіне Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай растады.

Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының қатарында алғашқылардың бірі болып аталған кеңестің құрамына ресми шақырту алған.

«Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік көшбасшылардың ішінде алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды. Қазақстанға осы жаңа бірлестіктің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылды. Мемлекет басшысы жауап ретінде АҚШ президентінің атына шынайы ризашылығын білдіріп, бұл бастаманы қолдайтынын және Кеңес құрамына кіруге келісімін растаған хат жолдады», - деді Руслан Желдібай.

Еске салайық, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Газадағы жағдайды реттеуге арналған «Бейбітшілік кеңесіне» үш жылдан астам уақыт мүше болғысы келетін елдерден 1 млрд доллар көлемінде жарна төлеуді ұсынған болатын.

Ұйымның жарғы жобасына сәйкес, кеңестің алғашқы төрағасы міндетін АҚШ президенті атқарады. Сондай-ақ, ұйымға қай елдердің мүше болатынын өзі шешпекші.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove