АҚШ президенті Дональд Трамп қатысқан кеште оқ атқан ер адам құқық қорғау органдарына өзінің нақты нысанасын айтқан. Ол Дональд Трамптың өзі емес, оның әкімшілігіндегі шенеуніктерді көздегенін мәлімдеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу дерегіне сәйкес күдікті ұсталғаннан кейін Дональд Трамп әкімшілігі өкілдеріне оқ атуды жоспарлағанын жеткізген. Алайда оның нақты президенттің өзін нысанаға алғаны расталмаған.
Оқиғаны жасаған адам - Калифорния штатының тұрғыны, 31 жастағы Коул Аллен. Ол Торранс қаласында мұғалім болып жұмыс істеген. Ашық дерекке қарағанда, Коул Аллен 2017 жылы Калифорния технологиялық институтын машина жасау мамандығы бойынша тәмамдап, кейін компьютерлік ғылымдар бағытында магистр дәрежесін алған.
Сондай-ақ, ол 2024 жылы Камала Харристің президенттік науқанына 25 доллар көлемінде қаржы аударғаны белгілі болды.
Құқық қорғау органдары бұл іске басқа адамдардың қатысы жоқ деген пікірде. Алдын ала болжам бойынша күдікті Washington Hilton қонақүйінің қонағы болған. Көршілерінің айтуынша, оның психикалық жағдайында мәселелер болуы мүмкін.
Күдікті сенбі күні кешке Вашингтондағы Washington Hilton қонақүйінде өткен Ақ үй тілшілерінің кешіне кіреберісте ұсталды. Іс-шараға Дональд Трамп, бірінші ханым Мелания Трамп және вице-президент Джей Ди Вэнс қатысқан.
Дональд Трамптың айтуынша, оқиға кезінде қауіпсіздік қызметінің бір қызметкері жараланған.