АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Сауд Арабиясында кездесетіні туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz «Азаттыққа» сілтеп.
«Бірінші кездесудің күні әлі белгіленген жоқ, бірақ бұл өте ұзаққа созылмайды», – деді Трамп журналистерге Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде.
Трамптың сөзіне қарағанда, кейін ол Ресейге, ал Путин АҚШ-қа баруы мүмкін. АҚШ президенті Украинаға сапар туралы «бұл туралы ойлайтын едім» деді. Айтуынша, өзі де, Путин мен Украина президенті Владимир Зеленский де бейбітшілікті қалайды.
Брифинг алдында Трамп Путинмен Украинадағы қақтығысты реттеу жайлы сөйлескен. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, әңгіме бір жарым сағатқа созылған.
Кейін Трамп Зеленскийге қоңырау шалған. Трамп екі әңгімені де «тамаша» деп бағалаған.
Айта кетейік, бұған дейін ХАМАС пен Израильді келісімге келтірген Трамптың өкілі Мәскеуге жеткені айтылды.
11 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффтың ұшағы Мәскеуге қонды деген ақпарат тарады.
Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде Стив Уиткоффтың Мәскеуге келгені туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
«Бізде ешқандай ақпарат жоқ, кездесу жоспарланбаған», - деді Песков журналистерге бұған дейін.