Трамп Иранға жасалуы мүмкін әскери шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдеді

Трамп Иранға жасалуы мүмкін әскери шабуылды кейінге қалдырғанын мәлімдеді
modern.az

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған әскери шабуыл уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Трамптың айтуынша, Катар әмірі Тамим бен Хамад Әл Тәни, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман және Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхамед бен Заид Әл Нахаян АҚШ-тан Иранға қарсы жоспарланған әскери операцияны кейінге шегеруді сұраған.

Ол Таяу Шығыста қазір маңызды келіссөздер жүріп жатқанын айтып, аталған ел басшылары мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүмкіндік бар деп санайтынын жеткізді.

Трамптың сөзінше, ықтимал келісім АҚШ пен Таяу Шығыс елдері үшін тиімді болуы керек. Сонымен қатар ол келісімнің басты шарттарының бірі – Иранда ядролық қарудың болмауы екенін ерекше атап өтті.

«Құрметті көшбасшылардың өтінішін ескере отырып, мен Қорғаныс министрі Пит Хегсетке, Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Дэниел Кейнге және АҚШ әскери күштеріне ертеңге жоспарланған Иранға шабуылды тоқтату туралы тапсырма бердім», – деп жазды Трамп.

Сонымен қатар, ол егер келіссөздер нәтиже бермесе, АҚШ әскері ауқымды операция жүргізуге дайын болатынын да ескертті.

«Егер тараптар қолайлы келісімге келе алмаса, Иранға қарсы кең көлемді шабуыл жасауға дайын болу жөнінде қосымша нұсқау берілді», – деді Трамп.

Трамп Иран мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады

АҚШ пен Иран соғысты тоқтатуға жақын: Құпия келісімнің 14 тармағы белгілі болды