АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды әскери соққыларды қайта бастау мәселесін қарастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters мәліметінше, Трамп Иранға қатысты алдағы әрекеттер жөнінде маңызды шешім қабылдауы тиіс екенін айтқан. Бұл мәлімдеме АҚШ президенті бір күн бұрын соғыстың аяқталуға жақындағанына үміт білдіргеннен кейін жасалды.
Трамптың айтуынша, оның алдында Иранға қарсы кең ауқымды әскери операцияны қайта бастау немесе одан бас тарту туралы шешім тұр. Reuters бұл мәселені АҚШ президентінің алдағы күндердегі негізгі сыртқы саяси шешімдерінің бірі ретінде сипаттайды.
АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс алтыншы айға созылып отыр. Қақтығыс аясында Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты шектеулер күшейіп, әлемдік мұнай нарығына қысым артты. Бұғаз арқылы өтетін теңіз жолдарының бұзылуы Таяу Шығыстан мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп отыр.
Жағдайды Йемендегі Иранмен байланысы бар хуситтердің белсенділігі де күрделендірді. Reuters мәліметінше, хуситтер Қызыл теңіз жағалауындағы бірқатар аумақта бақылауын күшейтіп, Сауд Арабиясының қалалары мен энергетикалық нысандарына шабуылдарын арттырған. Бұл халықаралық теңіз тасымалы үшін қосымша қауіп тудырып отыр.
Қақтығыстың ұзаққа созылуы әлемдік энергетикалық нарыққа да әсер етіп жатыр. Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімінің қысқаруы Азиядағы мұнай өңдеу зауыттарын балама жеткізушілер іздеуге мәжбүр етуде.
АҚШ президентінің алдында дипломатиялық және әскери бағыттың бірін таңдау мәселесі тұр. Трамп бұған дейін Иранмен келісімге келу мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, қазіргі мәлімдемесінде әскери операцияны қайта бастау ықтималдығын да сақтап отыр.
Алдағы аптада Трамп Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Парсы шығанағы елдерінің көшбасшыларымен кездесуі жоспарланған. Reuters мәліметінше, АҚШ президенті Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Бахрейн, Кувейт және Оман басшыларымен келіссөздер өткізуі мүмкін.
Осы кездесулерден кейін Вашингтонның Иранға қатысты келесі қадамы айқындала түсуі мүмкін. Қазір дипломатиялық әрекеттер мен әскери қысым қатар жүріп жатыр.