Трамп Иранды АҚШ-пен қақтығысты бастағаны үшін айыптады

Трамп Иранды АҚШ-пен қақтығысты бастағаны үшін айыптады
instagram.com/realdonaldTRUMP

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды екі ел арасындағы қақтығыстың басталуына жауапты деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, соғысты Вашингтон емес, Тегеран бастаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Трамп бұл туралы дүйсенбі күні Миссисипи штатында өткен сайлауалды жиында айтты.

«Біз Иранмен соғысты бастаған жоқпыз. Иран бізге соғыс ашты», – деді АҚШ президенті.

Ол Иранның ядролық зымыран жасауына екі апта ғана қалғанын тағы да қайталады. Трамптың сөзінше, АҚШ-тың қақтығысқа араласудан басқа амалы болмаған.

«Меніңше, бізде таңдау болған жоқ. Оларға ядролық зымыран жасауға екі апта қалған еді. Иран әлемдегі терроризмді қолдайтын басты мемлекет саналады», – деді ол.

Сондай-ақ Трамп Иранмен бұрын жасалған атысты тоқтату туралы келісімді уақытты босқа өткізу деп бағалады.

«Біз шағын бітімге келдік. Шынымды айтсам, бұл келісім маған ешқашан ұнаған емес. Сыпайылық танытуға тырысамыз, бірақ менің түсінуімше, мұның бәрі уақытты босқа өткізу болды», – деді АҚШ басшысы.

Еске салайық, 18 маусымға қараған түні АҚШ пен Иран 28 ақпанда басталған қақтығысты тоқтатуға бағытталған меморандумға қол қойған еді. Құжатта АҚШ-тың Иранға қатысты теңіз блокадасын алып тастауы және Тегеранның Ормұз бұғазын ашуы қарастырылған.

Алайда кейін екі тарап та меморандум талаптарын орындауды тоқтатып, бір-біріне қарсы әскери әрекеттерін қайта жалғастырған.