Сiti геосаяси тәуекелдерге байланысты 2025 жылғы мұнайдың болжамды орташа бағасын жоғарлатты. Дегенмен, Citi-дің жаңа таргеті ағымдағы баға ұсыныстарынан төмен. Инвестбанк жылдың екінші жартысында бағалар төмендей бастайтынын болжайды. Citi сарапшылары 2025 жылы мұнай нарығы мен оның бағасын айқындаушы шешуші факторлар АҚШ президентінің Иран мен Ресейге қатысты қолданатын әрекеттері болады деп санайды, деп жазады Dalanews.kz.
22 қаңтарда Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің 2025 жылғы болжамды орташа бағамын алдындағы болжамдағы 62 доллардан 67 долларға дейін көтерді, деп хабарлайды Reuters. Сонымен қатар инвестбанк WTI мұнайдың бір баррелінің болжамды бағасын да 63 долларға дейін арттырды, бірақ оның бұрынғы бағасын нақтыламады.
Citi сарапшылары болжамды қайта қарауға Ресей мен Иранға байланысты геосаяси тәуекелдер түрткі болғанан жеткізді. Brent және WTI бойынша болжамды жаңа бағалар қазіргі ағымдағы баға ұсыныстарынан сәйкесінше 15% және 20%-ға төмен. Инвестициялық банк сарапшылары жылдың екінші жартысында бағалар төмендей бастауы мүмкін екенін айтады. Олар І-тоқсандағы Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 75 доллар, ІІ-тоқсанда - 68, ІІІ- тоқсанда, тіпті 63, IV-тоқсанда 60 доллар болады деп күтеді.
"Мұнайға қатысты болжам Иран және Ресей мен Украина қақтығысы аясында күшейе түскен әрі тұрақты геосаяси тәуекелдерді танытуы мүмкін, бұл 2025 жылы нарықтағы мұнай сұранысын қанағаттандыруға қатысты мәселерді байқатуы мүмкін. Алайда, Трамп әкімшілігі мәмілелерді белсенді түрде жасағысы келетін сияқты", - деп Reuters Citi сарапшылары пікірін келтіреді.
Citi мәліметтері бойынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мен Ресейге қатысты іс-әрекетінің қалай болатындығы 2025 жылғы мұнай нарығы мен ондағы бағаны айқындаушы факторлар болуы мүмкін. Сонымен қатар инвестбанк бір жыл ішіндегі тәулігіне жасалатын артық ұсыныс 0,8 миллион баррелді құрайтынын болжайды.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігі 10 қаңтарда Ресейдің мұнай өнеркәсібіне қарсы ауқымды санкциялар салды. 180-нен астам танкер, "Газпромнефть", "Сургутнефтегаз", олардың еншілес құрылымдары және оннан астам ресейлік шенеуніктер мен энергетикалық сектор басшылары санкцияларға ұшырады. Осыған байланысты мұнай бағасы күрт қымбаттады. Қытай мен Үндістан сияқты ірі сатып алушылар тарапынан дүрбелең болды. Сондай-ақ бұл санкцияға ілінбеген танкерлерге деген сұраныстың артуына әкеліп соқты. Әсіресе, Ресей мен Иран мұнайын сатушылар осындай кемелерді іздеп, сабылып кетті.
Осыдан кейін 20 қаңтарда өз қызметіне кіріскен АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп АҚШ-та мұнай мен газ өндіруді барынша арттыруды көздейтін ауқымды жоспарын жариялады. Ол Аляскадағы бұрғылау жұмыстарын қоса алғанда, қосымша ресурстарды өндіруді қамтамасыз ету үшін энергетикалық төтенше жағдай жариялады. Бұл Байденнің арктикалық аумақтарды бұрғылаудан қорғау жөніндегі алдыңғы әрекеттерін жоққа шығарды. Сонымен қатар, Трамп басқа да экологиялық нормаларды жұмсартып, АҚШ-тың Париж климаттық келісімінен, яғни жаһандық жылынуға қарсы халықаралық шартынан шыққанын хабарлады. Трамп энергетикалық саладағы қабылданбақ бұл шаралар тұтынушылар үшін жанар-жағармай бағасын төмендетуге және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі деп санайды.
Расында, Трамп президенттігінің бірінші күні мұнай бағасы шамалы арзандады. Нью-Йорк биржасында 22 қаңтарда Brent-тің наурыз айындағы мұнай фьючерстері 0,2%-ға қымбаттап, бір баррелі 79,4 доллар болды. Осы күні WTI мұнай жеткізу келісімшарттары да 0,2% қосып, 75,9 доллардан саудаланды. Сәрсенбіде ірі шикізат өндірушілер акциялары Нью-Йорктегі сауда-саттық басталғаннан кейін негізінен төмендей бастады. Ал америкалық тақтатас мұнайын өндіруші Occidental Petroleum қағаздарының бағасы үстіне 0,2% құн қосты. ConocoPhillips және ExxonMobil америкалық мұнай компанияларының акциялары бағасынан, керісінше 0,1-0,2% жоғалтты. Chevron акциялары баға ұсыныстарында 0,6%-ға, ал Shell шамамен 0,4%-ға төмендеді.