Той өткізуге 5 жылға дейін тыйым салу ұсынылды

Dalanews 09 мау. 2020 09:44 963

"Ахметбет Нұрсила әншілерді "шегіртке" десе, мен "паразит" деп атар едім. Халықтың жылдар бойы жиған-терген қазынасын бір сәтте қағып алатын тойхана иелері, әртістер мен асабалар "паразит" емей немене?" – саясаттанушы Оралбек Өтеғұлов.

Dalanews автордың Abai.kz-те жарияланған мақаласынан аз-кем үзінді ұсынады.

"Иә, олар таза паразиттер. Сондықтан, мен қоғамды осындай паразиттерден тазарту үшін тойханаларда той жасауға 5 жылға дейін мораторий жариялауды ұсынар едім. Қазақ қоғамындағы қордаланған проблемалардың бастауы осы той синдромынан басталады.

Тойханалардың қабырғасында әрбір қазақтың көз жасы бар. Еңбегі қаналған студенттің, тойдан кейін өкінген ата-ананың. Тойдың кредитінен тауы шағылған жас отбасының.", – дейді автор.

Оның пікірінше той алдымен психологиялық фактор.

"Бұл мәселеге қатысты жастардың да пікірін білгенмін. Көпшілігі тойға қарсы. Тойсыз-ақ неке қиып бақытты болуға болады деп есептейді. Алайда ата-аналарынан асып кете алмайды.

Осыған қарап-ақ той үлкендер үшін психологиялық қажеттілік деп айтуға болады. Осы бір психологиялық фактордан бірте-бірте арылуымыз керек.


Карантин кезінде 3 ай той тойламай отырдық емес пе? Не өзгерді? Тойға жұмысайтын ақшаларымыз қалталарымызда қалды.

Әлемдік пандемея адамдарды көп нәрселерге басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Мен мұны тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік дер едім.

Осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек.


Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын болуы керек. Оған қоса тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяршылардың лайықталған айлықтарын, т.б. реттейтін баптар болуы керек.

Оған қоса асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады.

Нағыз өнер иелері ғана халықтың құрметіне лайық. Ондайлар халықтың қалтасын тонап, лотореялар ұйымдастырып, паразиттік тірлікпен айналыспайтын болады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар