Қарағанды облысында өзін өрт қауіпсіздігі қызметінің маманы ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді алдаған 37 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті кәсіпкерлерге хабарласып, өзін Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қауіпсіздігі қызметкері ретінде таныстырған. Ол кәсіпкерлік нысандарындағы өртке қарсы дабыл жүйелерін шұғыл жаңарту қажет екенін айтып, талап орындалмаған жағдайда ірі көлемде айыппұл салынатынын ескерткен.
Сондай-ақ, күдікті өртке қарсы дабыл қондырғыларын нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан жеткізіп бере алатын адамдарды танитынын айтып, тапсырысты өзі ұйымдастыруды ұсынған. Кейін жәбірленушілердің ақшасын өзінің жақын туысы мен танысының банк шоттарына аудартқан.
Маусымда осындай схемаға алданған жергілікті кәсіпкер полицияға жүгінген. Салдарынан оған шамамен 200 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген.
ІІМ мәліметінше, жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.