Қызылорда қаласында биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) алғашқы күні күтпеген оқиғамен басталды. Тестілеу орталығында жарық бірнеше мәрте өшіп, 160-қа жуық түлек қиын жағдайға тап болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Ата-аналар мен оқушылар бұл жағдайға алаңдаулы: олар жарықтың қайта-қайта сөнуі нәтижеге кері әсер етті деп есептейді.
Түлектердің бірі - Данара Омарова жүйе көрсеткен нәтижені көріп, өз көзіне өзі сенбеген.
"Басында санап отырдым, дүние жүзі тарихынан 39 балл шықты. Оған нақты сенімдімін. Ал аяқтаған соң қарасам, 24 балл болып тұр. Шынымды айтсам, жарықтың өшкені қатты әсер етті", – дейді мектеп түлегі.
Ата-аналар да бұл жағдайға бей-жай қарамады. Олардың айтуынша, тестілеу кезінде бүкіл қалада жарық болғанымен, тек тест орталығында ғана жарық сөніп отырған.
"Балалар жылап жатқасын ата-аналар жан-жаққа тарауға мәжбүр болды. Ал министрлік жарық 5-9 минутқа ғана сөнді дейді. Бұл шындыққа жанаспайды. Балалар 25-30 минутқа дейін жарық болмағанын айтып отыр", – дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлмейрам Нұрмағамбетова.
Ұлттық тестілеу орталығының бас сарапшысы Ақбота Байқоңырова түлектерге толық 240 минут берілгенін, жарық екі рет – 9 және 5 минутқа ғана сөнгенін хабарлады. Орталық өкілдері жүйеде сақталған деректерге сәйкес балл әділ есептелді деп отыр. Олар бір сөніп, бір қосылған компьютерлер балды төмендетіп көрсетті деген күмәнді жоққа шығарды.
Алайда ата-аналар мен оқушылар бұл жауаппен келіспейді. Олар жарықтың қайта-қайта өшуі балалардың зейіні мен психологиялық ахуалына кері әсер еткенін айтып, сынақты қайта тапсыру мүмкіндігін қарастыруды талап етіп отыр.
Бұл оқиға қоғамның қызу талқысына түсті.