Тоқаевтың уақыт сынынан өткен ойлары: Қарағанды жастарының пайымы

Тоқаевтың уақыт сынынан өткен ойлары: Қарағанды жастарының пайымы

Қарағандыда ғылым, білім, мәдениет, медиа және қоғамдық ортада жүрген белсенді жастардың қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басқосуда Мемлекет басшысының әр кезеңде айтқан ой-тұжырымдарының бүгінгі реформалармен сабақтастығы сөз болды. Қатысушылар жинақта қамтылған құндылықтардың қазіргі қоғамдағы орнын талқылап, олардың жас буынға берер тағылымына тоқталды.

Жинаққа Президенттің өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап әр жылдары айтқан ой-пікірлері енгізілген. Мәселен, 1995 жылы «Парасат» журналына берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев «Кез келген проблеманың шешімі – адамдарда» деген пікір білдірген. Бүгінде адам капиталы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының біріне айналып отыр. 

«Кезінде мемлекет басшысы: «Әділет жолы – ауыр жол, бірақ ауыр болса да, одан тура жол жоқ», – деген еді. Бүгінде ӘДІЛЕТ ұғымы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың өзегіне айналды. Бұл мысал жылдар бойы қалыптасқан ұстанымның  ауқымды саяси реформаларға ұласқанын айшықтайды. 90-шы жылдары Адам, Әділет, Жауапкершілік, Білім, Кәсібилік, Мемлекет мүддесі туралы көзқарасын ашық айтқан Президенттің бұл ойлары уақыт сынынан өтіп, бүгінде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.   

Жиында әдебиеттің қоғамдық ойға ықпалы, тарихтан тағылым алу, ел бірлігі мен ортақ құндылықтар, Конституция және азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімнің ел дамуындағы рөлі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ қазақ тілін жаңа білім мен технологияның тіліне айналдыру, жасанды интеллектіні қоғам игілігіне пайдалану, жастардың білімі мен еңбегі, азаматтық ұстанымы және ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық мәселелері көтерілді.

Қатысушылардың пікірінше, әділетті қоғам қалыптастыру – тек мемлекеттің емес, әр азаматтың ортақ міндеті. Адал еңбек, білім мен білік, азаматтық жауапкершілік және ел мен жерге деген жанашырлық қоғам дамуының маңызды негіздері болып қала береді.

Жиын соңында жастарға арналған жаңа кітапхана ашылды. Орталықта қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінің шығармалары жинақталған. Кітапхана оқырмандардың кітап оқып, білімін толықтыруына мүмкіндік берумен қатар, еркін пікір алмасып, жаңа идеяларды талқылайтын коворкинг алаңы ретінде де қызмет атқарады.