Тоқаевтың АҚШ-тағы сапары: 20-дан астам кездесу, 5,2 млрд долларлық келісім

Ақтоты Жапатова 23 қыр. 2025 19:38

ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram парақшасында Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласындағы сапары туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі жұмыс кестесі жоғары деңгейдегі мазмұнды кездесулерге толы болды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Жалпы, сапар барысында Президент мемлекет және үкімет басшыларымен, халықаралық ұйымдар мен ірі компания жетекшілерімен 20-дан астам кездесу өткізді. Әңгімелесулер ауыл шаруашылығы, білім беру, спорт, инвестиция және жасанды интеллект сияқты бағыттарды қамтыды.

Соның нәтижесінде Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандум бекітілді.

Мемлекет басшысы PepsiCo, Amazon, Meta, Chevron, ExxonMobil, Blackstone, Citigroup, Embraer сияқты алпауыт корпорациялардың жетекшілерімен жеке келіссөздер өткізді. Мәселен, PepsiCo Алматы облысында 368 млн долларлық зауыт салуды бастаса, Amazon Қазақстанның бірнеше қаласында жерүсті инфрақұрылымын дамытып, шалғай аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен де келіссөз жүргізді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастық пен сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қаралды. Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында қол қойылған келісімдердің маңыздылығына тоқталып, соның ішінде жалпы құны 4 млрд доллар болатын 300 локомотив өндірісі туралы атап өтті.

Бұдан бөлек, Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Украина Президенті Владимир Зеленскиймен, Черногория Президенті Яков Милатовичпен, сондай-ақ АҚШ үкіметінің өкілдерімен келіссөздер өткізді. Күн соңында Мемлекет басшысы ФИФА Президенті Джанни Инфантиноны қабылдап, қазақстандық футболды дамытуға бағытталған жобаларды талқылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар