Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII шақырылым Парламент депутаттарының жұмысына қорытынды жасап, олардың елдегі реформаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында депутаттардың заң шығару қызметі мен қоғаммен байланысына жоғары баға берді.
«VIII шақырылым жұмысы кезеңінде депутаттар екі мыңнан астам депутаттық сауал жолдап, 30-дан астам Үкімет сағатын және тоғыз парламенттік тыңдау өткізді. Екі палатаның бейінді комитеттері белсенді әрі нәтижелі жұмыс атқарды. Болашақта бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты оның комитеттерінің құрылымы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары мен бағыттарын көрсетуі тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, депутаттар осы жылдар ішінде партиялық жобалар мен өңірлерге тұрақты сапарлар арқылы азаматтармен тиімді кері байланыс жүйесін қалыптастырды.
«Парламент беделді ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам белсенділері үшін нағыз пікір алмасу алаңына айналды. Бұл бірегей зияткерлік экожүйе Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаға сүйенді. Олар нәтижелі қоғамдық диалог орнатуға және заң жобаларын жан-жақты сараптауға ықпал етті», – деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Парламент қызметі «Заң және тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналдыруға ықпал еткенін атап өтті.
«Сіздер «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын ілгерілетуде саналы көшбасшылық таныттыңыздар. Осы бастамалардың арқасында қоғамда жаңа прогрессивті қоғамдық этиканың негізі қаланды. Сонымен қатар депутаттық корпус Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға да қомақты үлес қосты. Парламентаралық ассамблеялардағы белсенді жұмыс, шетелдік сапарлар мен халықаралық форумдарға қатысу арқылы заң шығарушыларымыз шетелдік әріптестермен және халықаралық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орнатты», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта басты заң шығарушы органға айналатын Құрылтай осы институционалдық тәжірибе мен парламенттік мәдениетті сақтап, дамытуы қажет екенін айтты.
«Елдің жоғары өкілді органы Әділетті Қазақстанды барша азаматқа тең мүмкіндік беретін мемлекетті құруға шешуші үлес қосуы тиіс. Құрылтай өзінің жауапты заң шығару миссиясын абыроймен атқара отырып, қоғамымызда Заң мен тәртіп, Еңбекқорлық пен прогресс, Тазалық пен табиғатқа жанашырлық қағидаттарын орнықтыруға жан-жақты ықпал етеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.