Тоқаев вице-президент Ерлан Қариннің өкілеттігін бекітті

Тоқаев вице-президент Ерлан Қариннің өкілеттігін бекітті
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттігін айқындайтын жарлыққа қол қойды. Құжат 5 қыркүйектен бастап күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жарлық Конституцияның 49-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес қабылданған.

Құжатқа сәйкес, вице-президент Ерлан Қарин мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты стратегиялық бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етіп, оларды Президенттің қарауына ұсынады.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл кезінде Президент атынан өкілдік етеді.

Бұдан бөлек, вице-президент Президенттің тапсырмасымен халықаралық іс-шараларға қатысады.

Ерлан Қаринге Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығын басқару, сондай-ақ Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік ету міндеті жүктелді.

Вице-президент Мемлекеттік наградалар, азаматтық мәселелері, геральдика, шетелде кадр даярлау, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтарды беру жөніндегі комиссиялардың жұмысына қатысады. Сонымен қатар Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді.

Белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін вице-президент өкім шығаруға және өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге құқылы.

Ол Құрылтай, Үкімет, Қазақстан Халық Кеңесі және Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатыса алады.

Сонымен бірге вице-президент мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен құжаттарды сұратуға, Президент актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

Вице-президенттің қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және басқа да бағыттар бойынша Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді.